Cақтандыру агенті – берілген өкілеттіктеріне сәйкес сақтандыру компаниясының атынан және оның нұсқауы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
Агенттік сыйақы – Сақтандыру компаниясы мен агенттің арасында жасалған агенттік келісімнің талаптарына сәйкес агенттің сақтандыру компаниясының атынан және оның мүдделеріндегі тиісті міндеттерін (тапсырмаларын) орындағаны үшін оған төленетін қызметақы.
Агенттік келісім – жеке және заңды тұлғалардың (агенттің) сақтандыру компаниясының мүддесіндегі немесе оның атынан тапсырыс-шартының талаптарынан туындайтын тиісті міндеттерді (тапсырмалары) орындау жөніндегі жеке және заңды тұлғалармен (агентпен) жасалатын шарт
Аддендум – Сақтандыру және қайта сақтандыру шартына қосымша келісім. Онда шарттардың бұрын қабылданған талаптарына тараптардың өзара келісімі бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар берілген.
Актуарий - сақтандыру (қайта сақтандыру) компаниясының қажетті төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығы деңгейін қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелер мөлшерінің экономикалық-математикалық есептеулерін жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
Андеррайтер - сақтандыру (қайта сақтандыру) компаниясы немесе Lloyds синдикаты тәуекелдерді сақтандыруға (қайта сақтандыруға) уәкілеттік берген тұлға. Сақтандырушының немесе қайта сақтандырушының сақтандыру (қайта сақтандыру портфелінің қалыптасуына жауапты болады. Оның тәуекелдің тиісті дәрежесін, сақтандыру тарифтері мен сақтандыру талаптарын белгілеу үшін қажетті білімі мен тәжірибесі болуы керек.
Андеррайтерлік тәжірибе – сақтандыру компаниясының белгілі тәуекелдерді сақтандыруға қабылдау (қабылдаудан толығымен бас тарту, белгілі лимитпен немесе шектеулі талаптармен қабылдау) жөнінде жүргізген саясаты.
Аннуитеттік сақтандыру – сақтандырылушы белгілі бір жасқа жеткен, еңбек ету қабілетін (жасына байланысты, мүгедектігіне байланысты, науқастығына байланысты) жоғалтқан, асыраушысы қайтыс болған, жұмыссыз қалған жағдайларда немесе сақтандырылушының жеке табыстарының кемуіне немесе одан айрылуына әкеліп соққан өзге де жағдайларда зейнетақы немесе рента түрінде кезең-кезеңімен сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін жеке сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөнінде деректер базасы – Сақтанушы, сақтандырылушы және сақтандырушы туралы ақпарат жиынтығы.
Cақтандыру брокері – сақтандыру және қайта сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық қызметті, сондай-ақ өз атынан және сақтанушының тапсыруымен сақтандырушымен сақтандыру шарттарын немесе өз атынан және цеденттің (сақтандыру компаниясының) тапсырумыен қайта сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.
Өзара сақтандыру – Азаматтар мен заңды тұлғалар өзара сақтандыру қоғамдарында сақтандыруға қажетті қаражатты қосу арқылы өз мүліктері мен және өзге де мүліктік мүдделерін ортақ негізде сақтандыра алады.
Пайда алушы - сақтандыру шартына немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiне сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға. Заңды тұлға да, азамат та пайда алушы бола алады. Пайда алушы жеке де, мүлiктiк те сақтандыру бойынша тағайындала алады. Сақтандырудың мiндеттi түрi бойынша Пайда алушы сақтандырудың осы түрiн реттейтiн заң актiлерiмен айқындалады, ерiктi түрi бойынша оны сақтанушы тағайындайды.
Топтық сақтандыру – топтық сақтандыру кезiнде бiр сақтандыру шартымен бiр мезгiлде өздерi пайда алушы болып табылатын бiрнеше сақтандырылушылар қамтылады. Топтық сақтандыру адамдардың белгiлi бiр санаттарын қамтитын жеке де, мүлiктiк те, дербестендiрiлген де, иесiздендiрiлген де болуы мүмкiн. Жұмыс берушiлердiң өз қызметкерлерiн ұжымдық сақтандыруы тек жеке сақтандыру түрiнде ғана болуы мүмкiн.
Қос (көпше) сақтандыру - белгiлi бiр объектiнi бiрнеше сақтандырушыда әрқайсысымен дербес шарт бойынша сақтандыру. Мүлiктi қос сақтандыру кезiнде әрбiр сақтандырушы сақтанушының алдында онымен жасалған шарттың шегiнде жауапты болады, алайда сақтанушының барлық сақтандырушылардан алған сақтандыру төлемдерiнiң жалпы сомасы нақты зияннан аспауы тиiс. Жеке қос (көпше) сақтандыру кезiнде әрбiр сақтандырушы өзiнiң сақтанушы алдындағы сақтандыру мiндеттемелерiн, оларды басқа сақтандырушылардың орындағандарына қарамастан, өз бетiнше атқарады.
Нақты құн – сақтандыру объектісінің нақты (нарықтық) бағасы. Сақтандыру шарты жасалған күнгі қолданыстағы бағасына қарай есептеледі және
-
Ғимараттар мен үй-жайлар үшін – тозуы шегерілген және жойылған (зақымдалған) ғимарат пен үй-жайдың эксплуатациялық техникалық жай-күйін ескере отырып, жойылған ғимараттың орнына басқа ғимарат салу бағасы;
-
үй мүлкі мен жеке қолдансытағы заттар үшін - тозуы шегерілген, толық жойылған сондай заттарды толық сатып алу үшін қажетті сома негізінде белгіленді.
Ерікті сақтандыру - тараптардың ерік білдіруі арқылы жүзеге асырылатын сақтандыру.
Аннуитет шарты - сақтандырушыны шартта белгiленген мерзiм iшiнде Пайда алушының пайдасына мерзiмдi төлемдер түрiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға мiндеттi ететiн сақтандыру шарты. Аннуитет шарты жинақтық сақтандыру шартына жатады.
Тапсырма шарты – Тапсырма шарты бойынша бiр тарап (сенiм бiлдiрiлген өкiл) екiншi тараптың (сенiм бiлдiрушiнiң) атынан және соның есебiнен белгiлi бiр заңды iс-әрекет жасауға мiндеттенедi. Сенім білдірілген өкiл жасаған мәмiле бойынша құқықтар мен мiндеттер тiкелей сенiм бiлдiрушiде пайда болады. Тапсырма шарты жазбаша нысанда жасалады.
Сақтандыру шарты, Сақтандыру полисі – Сақтанушы мен Сақтандырушы арасында құқықтық қатынастардың туындағанын растайтын және сақтандыру талаптарын айқындайтын құжаттар. Сақтандыру шарты бойынша бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттенедi.
Сақтандырылушы – өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға. Егер шартта өзгеше көзделмесе Сақтанушы бір мезгілде сақтандырылушы болып табылады.
Мүліктік сақтандыру – кәсіпкерлік тәуекелдерді, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруды қоса алғанда, мүлікті және оған байланысты мүліктік мүдделерді сақтандыру мүлікті сақтандыруға жатады.
Құрама сақтандыру – бір сақтандыру шарты бойынша әр текті объектілер мен сақтандыру тәуекелдерін сақтандыру.
Жеке сақтандыру - Азаматтың өмiрiн, денсаулығын, еңбекке қабiлеттiлiгiн және жеке басына байланысты өзге де мүліктік мүдделерiн сақтандыру жеке сақтандыруға жатады. Жеке сақтандыру шарты бойынша сақтанушының өзi, сондай-ақ шартта аталған басқа (сақтандырылушы) адам сақтандырылуы мүмкiн.
Ауырған жағдайдан сақтандыру – жазатайым жағдайдан сақтандыруды қоспағанда, сақтандырылушының ауруына және денсаулығының өзге де бұзылуына байланысты оның шығыстарын тіркелген сомада және (немесе) ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Ипотекалық сақтандыру – ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша кепілдік мүлік болып табылатын тұрғын үйдің нарықтық құны төмендеген жағдайда заемшының ипотекалық тұрғын үй заемы шарты бойынша міндеттемелерді орындамауы салдарынан кредитордың мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрі болып табылады.
Басқа да қаржы шығындарынан сақтандыру - «Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңның 6 бабы 3 тармағының 12)-15) тармақшаларында аталған тәуекелдерді сақтандыруды қоспағанда, қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыру нәтижесінде жұмыстан айырылу, кірісті жоғалту, қолайсыз табиғи құбылыстар, үздіксіз, болжанбаған шығыстар, нарықтық құнын жоғалту және басқа да шығындар салдарынан залалдың туындауы кезінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Сот шығыстарын сақтандыру - сақтанушының (сақтандырылушының) соттың істі қарауына байланысты олардың көтерген шығыстары салдарынан шығындануы кезінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Кепілдіктер мен кепілдемелерді сақтандыру - берілген кепілдіктер мен кепілдемелерді орындау міндеті нәтижесінде кепілдік немесе кепілдеме берген тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Жинақтаушы сақтандыру - мынадай негіздердің кез-келгені бойынша: сақтандыру шартында белгіленген кезең аяқталған не сақтандыру жағдайы туындаған кезде, олардың қайсысының бұрын туындауына байланысты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру жинақтаушы сақтандыру болып табылады. Жинақтаушы сақтандыру шарттары тек жеке сақтандыру бойынша ғана жасалуы мүмкін.
Тәуелсіз сарапшы – Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган өзі белгілеген тәртіпке сәйкес аккредиттеген бағалау қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
Жинақтаушы емес сақтандыру – тек сақтандыру жағдайы туындаған кезде ғана сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру.
Үйлесімсіз қайта сақтандыру – қайта сақтандыру ұйымы тиісті сақтандыру шартында көзделген жағдайлар туындаған кезде қайта сақтандыру шарты бойынша цеденттің өздігінен ұстап қалу сомасынан артық өтелуге тиісті шығындардың толық сомасы мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетін өзіне қабылдайтын қайта сақтандыру.
Облигаторлы қайта сақтандыру – Сақтандыру компанияларының қайта сақтандыру қорғауын ұйымдастыру нысандарының бір түрі. Мұнда, Сақтандырушы (қайта сақтандырушы) пайыздық қатынаста не абсолютті шамада көрсетілген тәуекелдердің белгілі бір бөлігін қайта сақтандыруға беруге міндеттенеді, ал қайта сақтандырушы тәуекелдердің осы бөлігін алдын-ала ескертілген және келісліген талаптармен қабылдап алуға міндетті болады.
Сақтандыру объекті - заңды тұлғаның не азаматтың кез-келген мүддесі сақтандыру объектісі бола алады. Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру объектісі сақтандырудың осы түрін реттейтін заң актілерімен белгіленеді. Сақтанушының құқыққа қайшы мүдделері сақтандырылмайды.
Міндетті сақтандыру - заң актілерінің талаптары бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру.
Сақтандыру портфелі – сақтандырушының белгілі бір кезеңге сақтандыруға қабылдаған тәуекелдер жиынтығы.
Қайта сақтандыру – сақтандыру компаниясының сақтандыру шарты бойынша қабылдаған сақтандыру тәуекелдерінің бәрін не бір бөлігін кейін өздері арасында жасалған қайта сақтандыру шартына сәйкес қайта сақтандыру ұйымына беруіне байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар.
Қайта сақтандырушы (цедент) – қайта сақтандыруға қабылдаған сақтандыру тәуекелдерін беруді жүзеге асыратын сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымы.
Қайта сақтандыру ұйымы (қайта сақтандырушы) - уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде қайта сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.
Сақтандыру ережелері - Сақтандыру ұйымының сақтандырудың белгілі бір түрі бойынша сақтандыруды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын құжаты.
Үйлесімді қайта сақтандыру – қайта сақтандыру ұйымы тиісті сақтандыру шартында көзделген жағдайлар туындаған кезде қайта сақтандыру шарты бойынша Цеденттен қабылдап алған сақтандыру міндеттемелеріне барабар үлесі мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетін қабылдайтын қайта сақтандыру.
Сақтандыру нарығының кәсіби қатысушылары - уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде өз қызметін жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері, актуарий және уәкілетті аудитор.
Пруденциалдық нормативтер – уәкілетті органдар белгілеген және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтауға міндетті нормативтер.
Тікелей реттеу - көлік оқиғасында жәбірленушінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеуді жәбірленушімен көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушы жүзеге асыратын сақтандыру төлемін жүзеге асыру тетігі.
Ретроцессия – қайта сақтандырушының факультативті немесе қайта сақтандыру шарты бойынша қабылдаған тәуекелдерді басқа қайта сақтандырушыларға беруі
Өздігінен ұстап қалу – цеденттің қайта сақтандыру шартына сәйкес өз есебінен болатын жауапкершілігі шегіндегі сақтандыру сомасының бөлігі
Ортақ сақтандыру – сақтандыру шарты бойынша бірнеше сақтандыру компанияларының бір мезгілде сақтандыру тәуекелдерін қабылдап, олардың жауапкершілігін өздерінің арасында жасалған ортақ сақтандыру шартына сәйкес бөлуге байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар.
Сақтанушы – Сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Заңды тұлғалар мен азаматтар сақтанушылар бола алады.
Сақтандыру - сақтандыру ұйымы өз активтерi есебiнен жүзеге асыратын сақтандыру төлемi арқылы сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру жағдайы немесе өзге де оқиғалар туындаған кезде жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүліктік мүдделерін қорғауға байланысты қатынастар кешенi.
Сақтандыру төлемi – сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгiленген мерзiм туған кезде сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша олар заң актілерімен белгіленуі мүмкін.
Сақтандыру қызметi - Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау мен орындауға байланысты, ҚР заңдарының талаптарына сәйкес уәкiлеттi органның лицензиясы негiзiнде жүзеге асырылатын қызметi.
Сақтандырушы – сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына сақтандыру шарты жасалған тұлғаға шартта айқындалған сома шегінде сақтандыру төлемін жүзеге асыратын тұлға.
Сақтандыру сыйлықақысы – Сақтанушы Сақтандырушыға соңғысы сақтандыру шартында не аннуитет шартында белгіленген мөлшерде Сақтанушыға (Пайда алушыға) сақтандыру төлемін жасауға міндеттемелер қабылдағаны үшін төлеуге міндетті ақша сомасы;
Сақтандыру сомасы - сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кездегі Сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы.
Нақты құнынан жоғары сақтандыру - егер сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасы сақтандыру құнынан (сақтандыру объектісінің нақты құнынан) асатын болса, сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандыру сомасының сақтандыру құнынан асатын бөлігінде шарт әрекетте болмайды.
Нақты құнынан төмен сақтандыру – егер сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасы сақтандырылған мүліктің нақты құнынан аз болса, сақтандыру төлемінің мөлшері сақтандыру сомасы мен сақтандырылған мүліктің нақты құнының арақатынасына барабар есептеледі.
Сақтандыру жағдайы – басталған бойда сақтандырушының сақтанушыға не пайда алушыға сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндеті туындайтын сақтандыру шартында көзделген оқиға.
Жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша көзделуi мүмкiн оқиғаларды қоспағанда, cақтандыру жағдайы ретiнде қарастырылатын оқиғада, оның басталу ықтималдығы мен кездейсоқ белгiлерi болуы тиiс.
Сақтандыру резервтері – Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша актуарлық есептер негізінде бағаланған міндеттемелері.
Жазатайым жағдайдан сақтандыру – Ауырған жағдайдан сақтандыруды қоспағанда, сақтандырылушы жазатайым жағдайдың, кәсіби аурудың салдарынан қайтыс болған, еңбек ету (жалпы немесе кәсіптік жағынан) қабілетін (толық немесе ішінара) жоғалтқан немесе сақтандырылушының денсаулығына өзге де зиян келтірілген жағдайларда оның шығыстарын тіркелген сомада және (немесе) ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Жазатайым жағдай дегеніміз - Сақтандырылушының ағзасына сыртқы механикалық, электр, химиялық немесе термиялық әсер етудің нәтижесінде денсаулығының бұзылуына, жарақаттануына немесе қайтыс болуына апарып соққан, адамның ерік-жігеріне қарамастан кенеттен туындайтын қысқа мерзімді оқиға.
Көлік (автомобиль, теміржол, әуе, су) құралдарын сақтандыру - көлік құралын иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты тұлғалардың мүліктік мүдделеріне айдап әкетуді немесе ұрлауды қоса алғанда, сондай-ақ оның зақымдануы немесе жойылуы салдарынан келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы
Жүктерді сақтандыру - жүкті, оның ішінде багажды, тауарларды және өнімнің басқа да барлық түрлерін қоса алғанда, иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты тұлғаның мүліктік мүдделеріне тасымалдау әдісіне қарамастан, оның зақымдануы, жойылуы, жоғалып кетуі салдарынан келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы
Мүлікті сақтандыру - мүлікті иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты тұлғаның мүліктік мүдделеріне ҚР «Сақтандыру қызметі» туралы заңының 6-бабы 3-тармағының 3)-7) тармақшаларында тізбеленген мүлікті қоспағанда, оның зақымдануы немесе жойылуы, ұрлануы салдарынан келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Көлік (автомобиль, әуе, су) құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру – тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін қоса алғанда, тұлғалардың көлік құралын пайдалануына орай үшінші тұлғаларға келтірген залалды өтеу міндетіне байланысты олардың мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтем мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру – көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды қоспағанда, барлық тәуекелдерді сақтандыру салдарынан үшінші тұлғаларға келтірілген залалды өтеу міндетіне байланысты тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Суброгация – Сақтанушының (Сақтандырылушының) сақтандыру нәтижесінде өтелген шығындар үшін жауапты тұлғаға талап қою құқығы. Сақтандырушыға ауысқан талап қою құқығы сақтанушы (сақтандырылушы) мен шығындар үші жауапты адамның арасындағы қатынастарды реттейтін ережелерді сақтай отырып жүзеге асырылады.
Сақтандыру қызметінің субъектілері – Сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары.
Заемдерді сақтандыру - сақтанушының, (заемшының) кредитор алдындағы міндеттемелерін орындамауы салдарынан кредиторға шығын келтірілуі кезінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Сюрвейер – Сақтанушының немесе сақтандырушының өтініші бойынша сақтандырылған немесе сақтандырылуға тиесілі кемелер мен жүктерді тексеруді жүзеге асыратын сарапшы.
Сақтандыру құпиясына сақтандыру сомасының, сатып алу сомасының мөлшерлерi туралы және төленген сақтандыру сыйлықақылары, сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының сақтанушының, сақтандырылған адамның немесе пайда алушының жеке басына қатысты өзге де талаптары туралы мәлiметтер жатады. Таратылу процесiндегi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жасаған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты туралы мәлiметтер сақтандыру құпиясына жатпайды. Сақтандыру құпиясы сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) жазбаша келісім негізінде үшінші тұлғаларға ашылуы мүмкін.
Трансшекаралық сақтандыру – сақтандыру ұйымының басқа мемлект аумағында сақтандыру қызметтерін ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты сақтандыру. Трансшекаралық сақтандыруды жүргізу талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе Қазақстан республикасында ратификацияланған халықаралық шарттармен айқындалады.
Факультативті қайта сақтандыру (ретроцессия) – Қайта сақтандырушының (ретроцеденттің) түпнұсқа сақтандыру шарты (факультативті қайта сақтандыру шарты) бойынша қайта сақтандырушы (ретроцедент) өзіне қабылдаған сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәуекелін қайта сақтандырушыда ерікті сақтандыруы.
Франшиза (franchise) – сақтандырушыны сақтандыру талаптарында көзделген, белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату. Франшиза шартты (шегерілмейтін) және шартсыз (шегерілетін) болады және сақтандыру сомасына қатысты пайыз бойынша не абсолютті мөлшерде белгіленеді. Шартты франшиза кезінде сақтандырушы франшизаның белгіленген мөлшерінен аспайтын залалды өтеуден босатылады, бірақ егер оның мөлшері осы сомадан көп болса, залалды толық өтеуге тиіс.Шартсыз франшиза кезінде залал барлық жағдайларда белгіленген сома шегеріле отырып өтеледі. |